САН ӨНЕРДІҢ САҢЛАҒЫ
Жаңақорған аудандық мəдениет үйінде əнші, көптеген əндердің авторы Жақсыгүл Бегманованың 75 жасқа толуына байланысты "Сан өнердің саңлағы" атты шығармашылық кеші өтті. Кеште автордың əндерін жергілікті өнерпаздар орындады.
Жақындары оған Жақсыгүл деген есімді еншілетіпті. Адамдар арасында «жақсы» аты шығып жүрсе екен деп ырымдаудан туған, ниет болса керек. Есім де – егесіне бір аманат.
Бүгінде жетпістің бесеуіне толған Жақсыгүл Бегманова көптің осы аманатының ақталғанына сенімді.
Жақсыгүл Бегманова 1942 жылы Сүттіқұдық ауылында (ол кезде Тақыркөл ауылдық кеңесі) дүниеге келді. Майданға кетіп, қайтып оралмаған әкесінің жүзін көру бақыты бұйырмады. Өзі әжесінің бауырында өсті. Анасы күндіз-түн канал қазу, тағы да басқа шаруашылықтың сан жұмысынан артылмайтын. Ол кезде жетіжылдық мектепті бітірген талапты өрен қыз баланы оқытуға құлқы кем заман үрдісінің үзеңгісін үзіп өтіп, облыс орталығындағы М.Маметова атындағы педучилищенің мектепке дейінгі тәрбие маманы бөліміне оқуға түседі. Оны бітірген соң Н.В. Гоголь атындағы пединституттың қазақ тілі, әдебиеті факультетін бітіреді.
Ауылдағы №52 мектепке мұғалім болып келген жас маманның қиындықты тайсалмай еңсере білуіне қаршадайынан қара жұмысты да қатар атқарып, өз-өзіне деген сенімінің шыңдалуы да себеп болды. Жетінші оқып жүргенінде колхоздың 10 гектар жерін меншігіне алып, сол жерге жүгері егіп, көктемнен бастап күзге дейін күтіміне алып, еккен егінін жинап алғанша бел жазбай еңбектенген жауапты сәттер еркелікті ұмыттырып, мүлде есейтіп жіберген.
Мектепте мұғалім болып жүрген жерінен 1966 жылы орталықтағы жалғыз ғана №1 балалар бақшасына меңгеруші етіп жібереді. Жақсыгүл балалар мекенінің жұмысын барынша жандандырып, тамырына қан жүгіртуге тырысты. Бастамашыл, қандай істе болмасын жаңашылдықты жақтайтын іскер басшы 4 топтағы 60 баланың санын 220 балаға арттырды. Екі айлық сәбиден бастап мектепке дейінгі жастағы балақандар үшін 19 топ ашылды. Ж.Бегманова 1972-1976 жылдар аралығында Жаңақорған поселкелік кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Ол кезде қоныс халқының саны 11 мыңға жаңа жеткен кезі болатын. Халықтың қоныстану жиілігі, базарының үлкендігі, өзге ұлт өкілдері санының көптігі жөнінен Төменарық селосынан кейінгі кезекте тұрды.
Қазіргі әкімшілік ғимараты тұрған бос аумақтан бастап көз ұшы жетпейтін алқапқа дейін толқып жатар көкпеңбек көл суы айналасы тола қамыс пен көк шалғынға көмкеріліп жататын.
1976 жылы аудандық партия комитетінің нұсқауымен Сунақата ауылдық Кеңесінің төрағасы ретінде қызметке жіберіледі. Ана атаулыға тән үлкен жүрек, жұмсақ мінезімен халықпен етене тіл табысып, жақсысына сүйініп, жаманына күйініп, өз тағдырын олардан бөле қарамаған елжанды тұлға бейбіт халықты берекелі іске ұйыта білді. Әрбір отбасының жағдайын бес саусағындай біліп, әр шаңырақтың бір адамындай қамқорына айналды
Жақсыгүлді бала кезінен өнер атты бір сиқыр өзіне тартты да тұрды. Оның себебі бар. Құндақтаулы сәбиді бауырына басып, көйлегінің ішіне салып қойып, скрипканы құйқылжытатын нағашы ағасы Қалмаханның жүрек дірілі, музыкаға деген керемет құштарлығы жергөктегі сәбидің болашағына байланып, үзілмес арна тартқандай бала жастан тылсым құдыреттің жалына жармасты.
Кешегі күндері отбасы мүшелері болып, өнер сахнасында жүрген санаулылар қатарында Жақсыгүл апай ері Сергей, қызы Ләззат, ұлы Берікболмен бірге ел алдына шығып, өнер көрсетті. Әсіресе А.Жұбановтың «Би күйіне» шығарған «Балбырауын» биі бұл әулетті көрерменнің ерекше ықыласына бөледі.
Жақсыгүл Бегманованың ауданда би өнерінің қалыптасу тарихына сіңірген еңбегі зор. Осы еңбегі шынайы бағаланып, Әлшекей атындағы өнер мектебінен «Жақсыгүл би сыныбы» ашылды. Сан қырлы өнер иесінің «Аққу-арман», «Аққу-сезім», «Ана махаббаты» атты жыр жинақтары жарық көрді. 80-ге жуық әндері бар. Оның ішінде Фариза Оңғарсынованың «Сунақтың сұлу қыздары», «Көз алмай неге қарадың?» деген өлеңіне жазған әндері Ш.Қалдаяқов атындағы әнші-сазгерлердің республикалық байқауында Уәли Ибрагимовтың орындауында 1 орынды жеңіп алды. Күләш Ахметованың сөзіне жазылған «Ұлы Отаным», өзінің «Астана», «Алыстаған ағалар», «Ғани ұрпақтары» патриоттық әндері мектеп оқушыларының әнұранына айналған. Талантты сазгердің сонымен қатар «Берік бол», «Толғау» атты күйлері де бар.
Ақын-ананың өнеріне жоғары бағасын берген қазақтың талантты қызы Фариза Оңғарсынова оны Алматыға арнайы шақыртып, «Ән қанатында» атты арнайы хабарды өзі жүргізді. Сондай-ақ Шәкизада Әбдікәрімов Байқоңыр телеарнасынан «Жақсыгүл» деректі телефильмін көрерменге ұсынды.
Қазақстанның белгілі өнер қайраткерлері Ескендір Хасанғалиев, Мыңжасар Маңғытаев, Әсет Бейсеуовтер сазгердің әндерін кезінде жоғары бағалаған.
Бүгінде Жақсыгүл Бегманова ауданның «Құрметті азаматы» Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Халықаралық байқаулардың лауреаты, «Бейбітшілік әлемі» қоғамдық қорының облыстағы өкілетті өкілі, «Әжелер ансамблінің» жетекшісі.
Жақсыгүлдің жолын қуған немересі — Әзиза Әбдірейім бүгінде үлкен сахналардан танылып үлгерген, болашағынан зор үміт күттіретін саңлақ талант десек қателеспейміз.Ол кішкентайынан озық қабілетімен оқшау танылып, өнер сүйер қауымның жүрегінен орын алды. Республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орын алып жүрді. 2011 жылы Астанада өткен «Ақ көгершін» халықаралық байқауында 3 орынды иеленсе, осы жылы Германияда Абай туындыларын, өзінің әжесінің және халық әндерінен 8 ән орындап, лауреат атанды.
Қазір ол Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің 3 курс студенті. Ол жақында Астанада өтетін байқауға қатысып, классикалық әндерді орындаудан сынға түскен. Олардың қатарында Италия, орыс әндері, Ғазиза Жұбанованың «Сағындым» әні, Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әні бар.
Үш ұл-қыздың анасы, 8 немеренің әжесі Жақсыгүл апа шаршадым, қажыдым демейді, әрбір атқан жаңа күннен қуат алып, әлемде тек тыныштық болса екен деп тілейді. Елдің жетістігіне өзі де азаматтық үлесін қосып жүрген үлкен жүрек иесінің өмірлік өнегесінен алар тағлымымыз мол.