ҚЫЗЫЛОРДАДА «БОРЫШКЕР» ЖЕДЕЛ-ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТУДЕ
Бүгінде облыс бойынша салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіру мәселесі алға қойылып отыр. Айыппұлдарды өндіру жұмыстарын жандандыру, өз еркімен төлеуден жалтарушы азаматтарға қатысты пәрменді шаралар ұйымдастыру мақсатында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Осы жылдың 29 наурызы мен 30 сәуірі аралығында өтетін шараға әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлерімен бірге, жергілікті полиция және өңірлік жеке сот орындаушылары жұмылдырылуда.
Қазір қала бойынша 5 мобильді топ жасақталып, полиция қызметкерлері мен өңірлік сот орындаушыларынан кезекшілік кестесі құрылды. Бірлескен іс-шаралар аясында айыппұл төлеуден жалтарып жүрген борышкерлердің автокөліктерін автотұраққа қамау және мемлекеттік белгілерін алу жүзеге асырылуда.
Алғашқы күн нәтижесінде барлығы 890 мың 240 теңге айыппұл салынған 46 автокөлік анықталып, оның 13-і айып алаңына қойылса, қалған 33 автокөліктің мемлекеттік белгілері алынып, 552 мың 255 теңге айыппұл өндірілді.