МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТТАР САНДЫҚ ФОРМАТҚА КӨШІРІЛУДЕ
Бүгінгі күнге дейін архивте сақталған 96 мың 917 құжаттың 10 млн.ға жуық парағы сандық форматқа көшіріліп, сақтандыру қорлары жасалды. Цифрлық жүйеге бірінші кезекте құнды құжаттар енгізілуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ержан Әбдірахманов мәлімдеді.
Қазір облыс бойынша өлкетану бағытындағы 3343 кітап, 1941-1969 жылдары басылып шыққан «Ленин жолы», «Путь Ленина» газеттері цифрлық форматқа көшірілген.
Сонымен қатар, жаңа технологияларды пайдалану мақсатында алдағы уақытта театр, филармония, облыстық тарихи-өлкетану мұражайларының билеті онлайн режимінде жүргізілмек.
Ержан Ахметұлының айтуынша биылғы мәдениет саласындағы жоспарланған шаралар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі мен Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығы, таяу және алыс шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына арналып отыр.
Осы жылдың 10-16 сәуір аралығында Қызылорда облысының Әзірбайжан Республикасындағы мәдениет және өнер күндері аясында Баку және Шеки қалаларында гастрольдік сапары ұйымдастырылады. Оған облыстық театр және филармонияның шығармашылық ұжымдары қатысып, өнер көрсетеді. Сондай-ақ, Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Қызылорда облысының өнер күндері өтеді деп жоспарлануда, - дейді басқарма басшысы.