«ҚАЗАҚФИЛЬМ» «ЕҢ СҰЛУ ҚЫЗ» ФИЛЬМІН ТҮСІРЕДІ
«Қазақфильм» киностудиясында «Ең сұлу қыз» атты көркем фильмнің түсірілім алдындағы жұмыстары басталды. Бұл - режиссер Қанағат Мұстафиннің «16 қыз» комедиялық фильмінің жалғасы. Фильмді ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Kanaidarproduction» және «Шешенфильм» студиясы түсіреді.
Фильмге өзек болған оқиға достардың арасында өтеді. Қатарларының ішінде үйленбеген Саматқа досы Бауыржан қалыңдық іздейді. Екеуі осы мақсатта үлкен қалаға келеді. Бұл сапарда олар түрлі оқиғаларға тап болады. Ойда-жоқта халықаралық қылмыскерлер деп танылып, полицейлер мен бандиттердің қуғынына ұшырайды.
Қазіргі таңда түсірілім тобы дайындық кезеңінде. Түсірілім тобы реквизиттер дайындап, костюмдер мен локация таңдау үстінде. Сондай-ақ жуық арада түсірілім тобы қосалқы рөлдерге кастинг жариялайтын болады.
Фильмнің продюсері Айдархан Әділбаев дайындық жұмыстары туралы айтып берді: «Түсірілім тобы бірінші фильмде жұмыс істеген мамандардан құралған. Олар режиссерді жақсы түсінеді. Естеріңізде болар, «16 қызда» бірінші планда Берік Айтжанов айдаған Волга ГАЗ-21 көлігі болатын, бұл жолы Мин дәуірінің антикварлық құмырасы болмақ. Бұл фильмде көрермендерді сапалы әзілдер мен қызықты оқиғалармен байытуға тырыстық».
Фильмге «16 қызда» түсіп, көрермен қауымның көңілінен шыққан Берік Айтжанов, Аша Матай, Қуаныш Долдаев, Ғани Құлжанов, Саят Мерекенов және Дәурен Айдарқұлов түседі. Сондай-ақ, жаңа кейіпкерлер қосылады. Оларды Қарлығаш Мұхаметжанова, Мұрат Бисенбин, Жанна Қуанышева, Фархат Абдрайымов, Асан Мәжит және Ерболат Тоғызақов ойнайды.