«НАУРЫЗ МЕРЕЙІНІҢ» ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҚТЫ
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Ә.Жақсыбековтің Наурыз мерекесі аясында қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру туралы тапсырмасына сәйкес облыс бойынша 10 - 22 наурыз аралығында «Наурыз мерейі» акциясы ұйымдастырылған болатын. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандары осы акцияның қорытындысы шыққанын хабарлап отыр.
Аймақ бойынша акция аясында 4328 адамға 20,5 млн. теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, облыс әкімінің аппараты 9 отбасына 610 мың теңгенің көмегін көрсетсе, облыстық мәслихат аппараты ұжымы 50 мың теңге жұмсап, 2 отбасына көмек берген.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы да қайырымдылық істерден тысқары қалған жоқ. Олар 40 мың теңгеге 2 отбасына қажетті заттарды жеткізіп берді. Аумақтық департаменттер және облыстық басқармалар ұжымдары да 96 отбасына 1,7 млн. теңгеге қолдау танытыпты.
Мұнай компаниялары мен түрлі ұйымдар да бұл іске үлес қосты. Мысалы, «Петро ҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ 200 адамға 4,8 млн, ал «Байқоңыр» ӘКҚ ҰҚ 4 адамға 32 мың теңгенің азық-түлігін таратты. «Сыр мейірімі» қоғамдық әлеуметтік қоры 50 адамға дастарқан жайды.
Аудандарда да жалғасын тапқан акция аясында Аралда 410 адамға 2,2, Қазалы ауданында 904 адамға 1,3, Шиелі ауданында 122 адамға – 2, Жаңақорғанда 317 адамға 1,5, ал Қызылорда қаласында 1852 адамға 4,6 млн. теңгеге көмек көрсетілді. Қармақшыда 95 тұрғынға 300, Жалағаш ауданында 121 адамға 800 мың теңгеге қолдау танытты. Сырдариялықтар 144 тұрғынға жасалған көмекке 400 мың теңге жұмсады.