ҚЫЗЫЛОРДАДА ІРІ КӨЛЕМДЕ ГАЗ ҰРЛЫҒЫ АНЫҚТАЛДЫ
Қызылорданың коммуналдық-тұрмыстық нысандарын тексеру барысында сауда үйлердің бірінде қабырғаның ішіне жасырып тартылған газ құбыры анықталды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.
Осылайша, «Өтемұратов С.» ЖК газды ұрлап келген. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызметкерлері екі «Премиум-50» қазандығының газ жүйесіне заңсыз қосылғанын, соның салдарынан 100 мың текше метр көгілдір отынның заңсыз жағылып, 2 миллион теңге көлемінде шығын келгенін анықтады. Олар ішкі істер департаменті қызметкерлерімен бірлесе отырып, іске байланысты хаттамалар толтырып, фото және бейне жазбалар түсірді.
Енді кәсіпкерлер Қазақстан Респуликасы заңнамасына сай жауап беріп, айыппұл төлейді.
Айта кетейік, дәл осындай жағдай Қызылордада бірнеше ай бұрын анықталып, үлкен шу туғызған болатын. Ол кезде қаланың ортасында орналасқан «Караван сарай» қонақ үйлер кешенінің иесі газ есептегіштегі пломбаны бұзып көрсеткішті төмендеткен. Заңды түрде салынған айыппұлдарға қарамастан кешен иесі бәрін жоққа шығарып, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызметкерлеріне қоқан-лоқы да жасаған еді.
Өткен жылы Қызылорда қаласында газ пайдалануда заң бұзушылыққа жол берген 86 факті анықталды.