АРДАГЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ
Қызылордада «Ардагерлерді ардақтайық» атты «Нұр Отан» партиясының жобасы аясында «Қарттарын қадірлеген – ел ардақты» атты тақырыпта семинар-тренинг өтті. Қалалық партия филиалында өткен іс-шара ардагерлердің әлеуметтік – медициналық құқығын түсіндіруге бағытталды.
Шараға «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалының басшылығы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары, қалалық ардагерлер Кеңесінің мүшелері, Қызылорда облысының «Ауған соғысы ардагері мен мүгедектер кеңесі» өкілдері қатысты.
Семинар барысында «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
Ұлы Отан соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, жалғыз тұратын және қолдауға ерекше мұқтаж қарияларға әлеуметтік карталарға сәйкес партия тарапынан ұдайы қолдау көрсетілуде.
Ал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Гулсара Жұбайдаева әкімдік пен партия бірге ардагерлерге жан-жақты көмек көрсетуге арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты.
–Қызылорда қаласында жалғызбасты және аса мұқтаж 163 тыл еңбеккерлері және 25 ҰОС ардагері бар. Барлығының жағдайы назарға алынған. «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп ол кісілердің мәселелерін шешуге жұмыс жоспары жасақталып, нақты істер атқарылуда, - дейді бөлім маманы.
Семинар-тренинг барысында елдегі медицинадағы жеткен жетістіктермен қатар ардагерлер өздерін толғандырған мәселелерді де көтерді.
- Шақыртылған жедел-жәрдем көліктері көп бөгеледі. Емханадағы кезек былай тұрсын, ауруханаға жату үшін порталдағы кезектің ұзаққа созылып кетеді. Дәрі-дәрмектің тұрақсыз бағасына ардагерлердің зейнетақысы сәйкес келмейді,- дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішев.
Семинар тренингке қатысқан әкімдік өкілдері тарапынан ардагерлер көтерген барлық мәселелерге орай жан-жақты түсіндірме жасалды.