СОРА ЕККЕНІ БАСЫНА СОР БОЛДЫ
Арал аудандық сотында аудан тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Сотталушы өзінің сыбайластарымен бірігіп 2013 жылдың сәуір айынан бастап Арал ауданына қарасты, Жіңішкеқұм елді мекенінен 30 шақырым жерде 1182 түп сора өсімдігін өсірген. 2013 жылы 7 қыркүйекте Арал аудандық ІІБ-нің қызметкерлері жедел іс шаралар жүргізіп, сора егілген алқап басынан сотталушының сыбайластары ұсталады. Өзі қылмыс болған жерден бой тасалап кетеді.
Сот үкімімен сотталушы М. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігінің 1 және 3 тармақтарымен кінәлі деп танылып, жаза мерзімінің өтелмеген бөлiгiнің төрттен бірі қысқартылып, түпкілікті 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, жазасын түзеу колониясының жалпы режимінде өтеу белгіленген.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.