ТЖД ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ОБЛЫСТЫҚ СЛЕТІ ӨТТІ
Қызылорда өрт сөндірушілер гарнизонында жастар мен олардың тәлімгерлері қатысқан облыстық слет өтті. Қазақстан полициясының 25 жылдығы аясында өткен шарада тәлімгерлік институтының тиімді тұстары жайлы кеңінен айтылды. Бүгінде өрт сөндірушілер қатарын 15 жас маман толықтырып отыр, олардың әрқайсысына тәлімгер бекітілген.
Слет ашылғанға дейін жас қызметкерлер мен курсанттар ТЖД мұражайын тамашалады. Қиын да, қызықты саланың қалыптасуы мен тарихы жайлы мәлімет алды.
Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары, облыс тәлімгерлерінің төрағасы, азаматтық қорғау полковнигі Асқар Төлешев пен «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Алмас Омаров тәлімгерлер мен жастарға жылы лебіздерін білдіріп, оларды тапсырмаларды орындауға жауапкершілікпен қарауға, осындай игі мамандық иесі екендігін мақтаныш етуге шақырды.
Қатысушылар алдында облыстық ТЖД бастығының кеңесшісі, облыстық төтенше жағдай саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұңғышбай Ботабаев сөз сөйледі. Ол өз сөзінде құтқарушы мамандығы ең қауіпті он мамандықтың біріне жататынын және де құрметті мамандық екенін атап өтті.
Жиында азаматтық қорғау кіші сержанты Нұрәлі Мәжит пен оның тәлімгері, азаматтық қорғау майоры Жадәулет республикалық слет делегаттары болып сайланды.