СЕҢ ШЫҒЫНСЫЗ ӨТТІ
Наурыз айының басынан арнасындағы мұздың жүруі басталып, Қызылорда қаласы мен Сырдария, Жалағаш аудандары аумақтарынан шығынсыз бір қалыпты өткен болатын.
11 наурыздан бастап Шардара су қоймасынан төменгі ағысқа секундына 1200 текше метр су жіберіле бастады. Облыс аумағына наурыздың 14-і мен 18 аралығында секундына 840-1100 текше метрге дейін су келіп түсті. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.
Сонымен қатар брифингке Қызылорда облысы ТЖД бастығы Омар Бержанов, Қызылорда облыстық «Қазсушар» РМК басшысының орынбасары Жорабек Ерназаровтар қатысты.
Ауа-райының салқын және өзен арнасындағы мұздың қалың болуы салдарынан кептелістер пайда болып, бұл өз кезегінде Қармақшы ауданы аумағындағы кейбір елді мекендер тұсында су деңгейінің көтерілуіне себеп болды.
Нақты айтқанда, 18 наурыз күні Абыла елді мекені тұсында мол судың жайылу салдарынан Қармақшы ауылдық округі, Абыла елді мекені тұрғындарының 497 уақ малы таңертең өріске шығып, қайтар жолда су қоршауында қалған. 18-19-шы наурыз күндері 469 бас (оның 402-і «Қазавиаспас» АҚ тікұшағы арқылы) мал қауіпсіз жерге шығарылды. Оқиға барысында 28 уақ мал басының өлуі тіркелді.
- Кейбір облысқа қарасты елді мекендерде соңғы 40 жылда табиғаттың мұндай тосын жағдайы болмаған екен. Сондықтан дарияға жақын орналасқан қожалықтар бейқам қалып, біршама уақ малы таңертең өріске шығып, қайтар жолда су қоршауында қалған. Қазіргі таңда өзен арнасындағы сеңнің жүруі Арал ауданына қарасты Қызылжар елді мекенінің маңында. Ол жерде бақылау орнатылып, күндіз-түні кезекшілік қойылып отыр, - дейді С.Сермағамбетов.