ҚАРАКЕТКЕН ТҮШПАРАСЫ НАРЫҚҚА ШЫҚТЫ
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасында «Жобалық оқыту» жобасы бойынша біліктілігін көтерген жалағаштық кәсіпкер бүгінде 8 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жанат Мырзағұлова Жалағаш ауданындағы Қаракеткен ауылының түрғыны. Мыңға жуық тұрғыны бар ауылда мектеп, ауылдық әкімдік және бірнеше мемлекеттік ұйымнан өзге тұрақты жұмыс орнын бере алатындай мекеме жоқ. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Оның өзі маусымдық жұмыс қана. Жанат ойлана келе ауылдан түшпара шығаратын шағын өндіріс ашуды көздейді.
"Мен кәсібімді ашу барысында өзімнің туған жерім – Қаракеткен ауылында кәсіпкерлікті дамытуға, ауылдастарымды жұмыспен қамтуға аз да болса үлес қосқым келді. Оның үстіне ауылдықтарға сапалы, қолдан әзірленген түшпарамен қамтуды да алдыма мақсат етіп қойдым», - дейді Жанат Мырзағұлова.
Ол Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасында «Бизнес-мектеп» компоненті аясында «Жобалық оқыту», «Бизнес-Өсу» жобалары аясында оқып, кәсіпкерлікті дамыту бойынша біліктілігін жетілдірді. Одан кейін БҰҰ Даму бағдарламасының (ПРООН) ауылда кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Бастамаларды дамыту» қоғамдық қорынан 1,5 млн.теңге несие алып, түшпараға қажетті шикізатты алады. Ал өз қаржысына арнайы ғимарат салып, қажетті құрал-жабдықтар алып, түшпара шығаратын шағын цех ашады.
«Бірінші кезде біз дайын өнімдерімізді Жалағаш ауданындағы, Қызылорда қаласындағы шағын дүкендер арқылы саттық. Ол кезде айына 300 келіге дейін ғана шығаратынбыз. Біздің өнімдеріміздің сапасы өте жоғары, қосымша қоспалар қосылмаған, таза табиғи өнімдерден тұрады. Сондықтан да қоспалар қосылған түшпараға қарағанда бағасы сәл жоғары. Дегенмен, қазір өнімімізге сұраныс артып келеді. Мәселен, жақында «Small» (Скиф-трейд), «Радуга» сауда орталықтары арқылы сатуды бастадық. Айына 1500 келіге дейін шығарамыз. Шағын цехымызда бұрын 2 адам ғана жұмыс жасаса қазір штат санын 8-ге дейін өсірдік», - дейді Жанат Мырзағұлова.
Осылайша, кәсіпкердің жобасы экономикалық жағынан тиімді болып, Жалағаш ауданының бюджетін толықтырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына айтарлықтай үлес қосып келеді.