МАЛ МЕН ЖАН ҚАУІПСІЗ АЙМАҚҚА КӨШІРІЛДІ
Кеше 5 сағат 15 минутта Басықара су торабында мұз кептелу салдарынан «Балшықсай» учаскесіне су жайылып, қауіпті жағдай туындаған, деп хабарлайды Қызылорда ТЖД баспасөз қызметі.
Осыған орай жедел жеткен құтқарушылар көмегімен қауіпсіз жерге 15 адам шығарылып, Басықара елді мекеніндегі туыстарына жеткізілді. Осы күні «Шортай» учаскесінде де су жайылғаны жайлы хабар жетті. Көп ұзамай осы аумақтағы Қ. Асановтың жеке шаруашылығынан 32 бас сиыры және 16 жылқысы қауіпсіз аймаққа шығарылды. ҚР ІІМ ТЖК «ОӨАЖҚЖ» ММ мамандары мен техникасы қатысқан құтқару жұмыстары жүйелі жүргізілді.
Қалыптасқан жағдайға орай құтқарушылар «МИ-171» тікұшағымен Қызылорда-Қазалы бағыты бойынша ұшып, дария деңгейіне зерттеу жұмыстарын жүргізді. Тікұшақ көмегімен 18 сағат 37 минутта Құмжиек учаскесінен 8 адам аудан орталығына жеткізілді.