ӨЗБЕК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІ НАВРУЗ БАЙРАМЫН ТОЙЛАДЫ
26-шы наурыз жексенбі күні қаладағы «Шафран» кафесінде өзбек этномәдени бірлестігі Наурыз байрамын атап өтті. Мерекелік шараға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, этномәдени бірлестіктің мүшелері мен қала тұрғындары қатысты. Наурыз мейрамының өзбекше атауы – Навруз байрамында жер арқасы кеңіп, жан-жануарлар, өсімдіктер, күллі тіршілік әлемі жаңарып, қайта түлейтін табиғат мерекесі болып саналады. Бұл күні барша жан жыл бойғы өткен-кеткен ренішті кедергісіз кешіріп, жанды жадыратып, бір-біріне бақыт тілеп, ақсақалдар бақты баталарын береді.
Салтанатты кеш жалынды өзбек әні және қазақша бимен басталды. Алғы сөз өзбек этномәдени бірлестігінің ардагерлері Ашур Хамидов пен Нажмиддин Кәрімбаевқа берілді.
Жиылған қауымды Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова мерекемен құттықтап, бірлестіктің төрағасы Қахар Дадашевқа Алғыс хат табыстады. «Көктемнің ұлық мерекесі – Наурыздың ұлтымыз үшін орны бөлек. Расымен де, «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» деген баталы сөзден басталатын мейрамның игілігі мен қуанышы ерекше. Осындай ұлық мерекені тек қазақ халқы емес, сонымен бірге Орта азия мен түркітілдес өзге елдер де тойлайды. Әр елдің өз салты мен дәстүрі бар. Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз баршамызға құтты болсын!» - деді.
Сонымен бірге, көктемнің жарқын мерекесімен этномәдени бірлестіктің жетекшілері де құттықтап өтті. Өзбектер үшін Наурыздың ең басты тағамдарының бірі болып саналатын «Сумаляк» тағамы қонақтарға таратылды. Бұл тағам өңдеуден өткізілген бидай, үлкен қазанға мақта майы қыздырылып, оған дайын өніммен бірге ұн салынып әзірленеді. Кеш қонақтары, сондай-ақ, шығыс асханасының тағамдары мен Наурыз көжеден де дәм татты.
Мерекелік кештің соңында өзбек этносының салты-дәстүрлері көрсетіліп, Оңтүстік Қазақстан облысындағы өзбек диаспорасының өкілі, «НИК» продюсерлік орталығының меңгерушісі Қахрамон Бұхарбаев отандастарына жылы лебізін білдіріп, музыкалық ән шашуын тарту етті.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі