КЕНЕГЕ ҚАРСЫ ШАРАЛАР СӘУІРДЕ БАСТАЛАДЫ
Күн райы жылысымен түрлі зиянкестерге қарсы шаралар да күшейе түседі. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ұ.Аханаева аймақта кенеге қарсы жасалатын санитарлық-өңдеу жұмыстары жайлы таратып айтып берді.
Кенелердің тіршілік ету барысында қоршаған ортаға, адамдарға тигізетін зияны өте көп. Олардың ішінде түрлі жан-жануарлардың денесіне жабысып, қанын сорып тіршілік ететіндері және көптеген жұқпалы ауруларды таратушылары да бар. Осы кене арқылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы таралады.
Өткен жылы Қызылорда облысында кене шаққан 1612 адам медициналық көмекке жүгініп, 38 адам ауруханаға жатқызылған. Оның ішінде 17 адам Конго-Қырым қанды қызбасына күдікті болып, 5 науқастың диагнозы клиникалық және лабораториялық жолмен нақтыланыпты.
- Облыс бойынша аталған індет таралған 117 елді мекеннің тізімі белгілі болды. Өкінішке орай барлық аудандар да қолайсыз аймақтардың тізіміне еніп отыр. Әсіресе Арал (26 елді мекен ), Шиелі (28 елді мекен) аудандарында жоғары. Осы орайда биылғы жылы аурудың алдын алу, оған қарсы шараларды күшейту мақсатында департаменттің ұйымдастыруымен тиісті мүдделі мекеме мамандарымен бірігіп бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Кенеге қарсы санитарлық-өңдеу жұмыстары қолайсыз елді мекендерде биыл сәуір айынан басталады деп жоспарлануда, - дейді департамент басшысының орынбасары.
Фариза ОМАРОВА