СЫР САҚШЫЛАРЫ ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН БАҚ СЫНАСТЫ
Ұлыстың ұлы күніне орай Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы ғимаратының алаңында полиция қызметкерлері арасында ұлттық ойын түрлерінен жарыс өткізілді, деп хабарлайды Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі.
Қоғам сақшылары арасында салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатын көздеген жарысқа қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінен жасақталған 9 команда қатысып, арқан тартудан, гір көтеруден, қол күрестен бақтарын сынады. Сайысқа басқарманың басшылық құрамынан құралған төрешілер алқасы төрелік етті.
Тәртіп сақшылары арасындағы бірлікті, командалық қолдауды нығайтуды мақсат тұтқан бұл спорттық дода өте тартысты өтті.
Спорттық бәсекенің қорытындысы бойынша І орынды криминалды полиция бөлімі командасы иеленіп, жарыс жеңімпаздары атанды. ІІ орынды анықтау бөлімінің құрамасы қанжығасына байласа, уақытша ұстау абақтысының құрама командасы жарыстың үшінші жүлдесіне ие болды. Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталды.