БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ СОТ ІСІНЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰРАЛДАРЫМЕН КІРУ ТӘРТІБІ ТҮСІНДІРІЛДІ
Қызылорда облыстық сотының мәжіліс залында БАҚ өкілдеріне соттарға техникалық құралдарымен кіру және сот отырысында қолдану тәртібі бойынша түсіндірмелер беру мақсатында семинар өтті.
Семинар-тренингке облыстық соттың судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші Шолпан Мәлікова, Қызылорда облысы мамандандырылған күзет басқармасының өкілдері, облыстық соттың ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі мен ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімінің қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Іс-шараның күн тәртібімен облыстық соттың судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші Шолпан Мәлікова таныстырып, семинар барысында қозғалатын мәселелерді айтып өтті.
Семинарда соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімінің сот жасауылы Бақытжан Қошанов баяндама жасап, сот органдарының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, оның ішінде сот отырыстарына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуы бойынша заң талаптарымен таныстырды. Сонымен бірге, БАҚ өкілдеріне кәсіби тұрғыда арнайы құралдар және құжаттарымен сот ғимаратына кіру ережесін айтып өтті. Сот отырысына БАҚ өкілінің қатысуы техникалық, кино-видео түсірілім,қолдану сұрақтары тек қана іс бойынша төрағалық етуші судьяның рұқсатымен, іске қатысушы тұлғалардың келісімі негізінде жасалатындығын түсіндірді.
Бас қосуда мамандандырылған күзет қызмет басқармасының қызметкері, полиция капитаны Өткерген Пахрадин: «Сот ғимараттарына кіру пайдаланушының уақытша карточкасы, біржолғы рұқсатнама қағазы немесе соттар кеңселері ұсынған сот процесіне қатысушылардың тізбелері негізінде жүзеге асырылады», -деді. Ол үшін міндетті түрде келуші азаматтың өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс. Біржолғы рұқсатнаманы беруді тиісті мекеменің басшысы жүзеге асырады.
Шара соңында БАҚ өкілдері аталмыш тақырып аясында бірнеше нақты ұсыныстар келтірілді.
Семинардың қорытындысы бойынша журналистерді ашық сот процестеріне, өзге де соттарда өткізілетін іс-шараларға кедергісіз қатыстыру үшін рұхсатнаманы бір айға беру жөнінде шешімге келді. Сондай-ақ, өзге де мәселелер талқыланды.