СЬЕРРА-ЛЕОНЕДЕН 709 КАРАТ АЛМАС ТАБЫЛДЫ
- Христиан пасторы Эммануэль Момох Африка батысындағы Сьерра-Леонеден салмағы 709 карат болатын алмас тапты, деп хабарлайды Росбалт.
Ол құнды тасты елдің шығысындағы Конодан тапқан. Алмас кеніші саналатын Конодан табылған бұл қазына салмағы жағынан әлемдегі жиырмалыққа еніп отыр. Бұл елде мұндай ірі қазына соңғы рет осыдан 45 жыл бұрын табылған еді. 1972 жылы 969-караттық «Сьерра-Леоне жұлдызы» (Star of Sierra Leone) атты қазына жайлы әлем баспасөзі жарыса жазған болатын.
BBC News-тің хабарлауынша пастор тапқан алмасты ел президенті Эрнест Бай Коромеге бірден көрсеткен. Мемлекет басшысы пасторға мұндай қазынаны ел шекарасынан тыс алып кетпегені үшін алғысын айтып, тиісті орындарға оның бұл байлықтан тиісті үлес алуын бақылауды ескерткен.
Бірақ, сарапшылар әзірше алмастың нақты құнын айта алмай отыр. Олардың айтуынша, тасты бағалауда салмағы ғана емес, сапасы да ескеріледі.