АУЫЛДА БИЗНЕСКЕ ЖОЛ АШЫЛДЫ
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен өңірімізде іске асырылып жатқан «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы ауылдық елді мекендерде бизнес жобаларды несиелендіруге жаңа серпін беріп отыр. Осыған сәйкес бизнес жобаны қарау, құжаттар жинақтау жедел түрде іске асырылады. Кәсіпкерлердің займ бойынша берілетін кепіл мүліктеріне қойылатын талаптар да жеңілдетілген, барлық материал түрлерінен салынған және кез-келген елді мекендерде орналасқан жылжымайтын мүлік кепіл бола алады. Бұл ауыл тұрғындарына өте қолайлы.
Ауыл бизнесіне жол ашқан бағдарлама аясында Қармақшы ауданында «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-нен жалпы құны 157,2 млн теңге болатын 22 жоба несиелендірілді. Жосалы кентінен 12 жобаға 80,7 млн теңге берілсе, Төретамнан 4 жоба 33,0 млн теңгеге несиелендірілді. Ақай, Жаңажол, Қармақшы және Жосалы ауылдарында жобалар бойынша жұмыс басталып кетті.