СЫР ЕЛІНДЕГІ НАУРЫЗ САЛТАНАТЫ
Бүгін Қызылорда жұрты шаһардағы орталық алаңда ұлысқа мерей, туысқа мейір сыйлайтын әз–Наурыз ерекше салтанатпен атап өтті. Отыз киіз үй, 6 шатыр тігілген алаңға ағылған жұрт керемет көріністің куәсі болды. Ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарды тамашалады. Алаңның қақ ортасына қазандарын қаз–қатар орналастырған аспаздар Наурызкөже фестивалін өткізді. Басты дәмнің бағасын берген тағы сол қарапайым көпшілік болды.
Алаңдағы «Экспо-2017» павильондарында Астанада өтетін халықаралық көрме билеттері саудаланды.
Қыс қыспағынан аман шыққан жұрт жергілікті өнерпаздармен қатар халықаралық ТҮРКСОЙ ұымы делегациясы қатарында қазақ жерін аралап жүрген түркітілдес өнер өкілдері концертін тамашалады.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, өткен жылы жеткен жетістіктерімізді саралады.
–Былтыр біз Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойын ауызбірлікпен атап өттік. Жылды жемісті қорытындыладық. Мерейлі –жылы Сыр елі орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту және тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша облыс республика аймақтарының арасында көшбасшылар қатарында. Төртінші жыл қатарынан күріштен рекордтық өнім жинап, күрішшілерімізді Елбасы арнайы құттықтады,- деді Қырымбек Көшербаев.
Мұнан соң жиналғандарды ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов құттықтап, ұйым тарапынан қолға алынған «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы жайлы айтып берді. Кеше осы жобаға сәйкес Түркістан шаһарындағы салтанатқа қатысқан ұйым делегациясы бүгін Сыр елінен табан тіреп отыр.
Құттықтау рәсімінен кейін облыс әкімі мен бас хатшы алаңдағы үйлерді аралап, сәбилердің тұсауын кесіп, жаңа өмірге талпынған балақандарға ақ жол тіледі.