ҚАЛА ӘКІМІ «ҚЫЗЫЛОРДА АВТОБУС ПАРКІ» ҰЖЫМЫН НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Тіршілік атаулыны тірілтіп, табиғатты түлеткен, сан түрлі ұлттардың бауырластығына арқау болған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы Қызылорда қаласында кеңінен аталып өтілуде.
Ұлттық мерекемізді кеңінен насихаттау, қала тұрғындарына мерекелік көңіл - күй сыйлау мақсатында қалаға қарасты барлық кент, ауылдық округтерде және қала көлемінде орналасқан мекемелерде ақшаңқар қараша үйлер тігіліп, Наурыз мейрамының басты символы саналатын наурыз көже мен ұлттық тағамдар әзірленіп, мерекелік шаралар ұйымдастырылуда.
Бүгін, қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы «Қызылорда автобус паркі» ұйымдастырған шараға қатысып, барша ұжым қызметкерлерін мерекемен құттықтады.
Қала әкімі жаңадан салынып жатқан автобус паркінің құрылыс жұмыстарымен танысып, барлық жұмысты сапалы және мерзімінде орындау қажеттігін айтты.
Шара барысында, мекеме қызметкерлері және облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлерінен құралған командалар асық ату, арқан тарту, кір тасын көтеру секілді ұлттық ойындардан өзара сайысқа түссе, қараша үйде қонақтарға наурыз көже таратылып, тұсау кесер рәсімдері ұйымдастырылды.