DISCOVERY АРНАЛАР ТОПТАМАСЫ АЛҒАШ РЕТ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ КӨРСЕТІЛЕДІ
Бірінші наурыздан бастап елімізде Discovery Showcase HD телеарнасы хабар таратуын бастайды, деп хабарлайды «Қазтелерадио» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «Қазақпарат».
Үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап ақылы ТВ хабар таратуы бойынша әлемдегі №1 Discovery Communications компаниясының бөлімшесі Discovery Networks CEEMEA, серіктесі - хабар тарату саласындағы Қазақстан Республикасының ұлттық операторы «Қазтелерадио» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып Қазақстанда жаңа - Discovery Showcase HD арнасын іске қосады. Ол Discovery брендтері портфолиосынан ең жарқын және ең танымал шоуларын біріктіреді. Бұл ретте танымдық-ойын-сауықтық контент HD сапада қолжетімді болмақ. Discovery Showcase HD шетелдік арналардың алғашқысы болып Қазақстан Республикасы аудиториясына сүйікті шоу бағдарламаларын HD сапада мемлекеттік тілде көруді ұсынады. Бірінші кезеңде көрерменге телебағдарламалар қазақ тілінде прайм-тайм уақытында ұсынылады (18:00-ден түн ортасына дейін). Жыл бойы қазақ тіліндегі бағдарламаларының үлесі ұлғаятын болады және 2018 жылғы қаңтардан бастап барлық мазмұны толығымен қазақшаланады. Сонымен бірге, көрермен өзінің қабылдағышының параметрлерінен арнаны орыс тілінде көруді таңдай алады. Бірінші болып қазақ тіліне «Морган Фрименмен жаһан құпияларын тану» , «Таңғаларлық мұхит», «Аляска: ормандағы отбасы», «Кит аулауға қарсы соғыс» сынды бағдарламалары және Discovery Networks-тың басқа да маңызды жобалары аударылады. Арна ОTAU TV жерсеріктік хабар тарату желісінде қол жетімді, ал кейінірек басқа да операторлар желісінде хабар таратады. Discovery Showcase HD дистрибюторы ретінде Қазтелерадио әрекет етеді. «Қазақстан - Discovery Networks үшін өте маңызды аудиториясы мен үлкен әлеуеті бар аймақ. Біз көрермендерге ең жарқын, танымал және қызықты бағдарламаларды біріктіретін жоғары айқындық форматындағы Discovery-дің жаңа телеарнасын ұсынғанымызға өте қуаныштымыз. Animal Planet - Discovery Showcase HD арнасынан әркім өз талғамына сай бағдарламаны және ең бастысы ана тілінде таба алады», - дейді Discovery Networks компаниясының Солтүстік-Шығыс Еуропадағы вице-президенті, басқарушы директоры Анна Пак.