ЖҰМЫССЫЗДАРДЫҢ БІРТҰТАС ЭЛЕКТРОНДЫҚ БИРЖАСЫ ҚҰРЫЛМАҚ
Елдегі еңбек нарығын жаңғырту барысында, бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық дерек жинастырылатын, Біртұтас электрондық биржа құрылмақ. Осы ретте, ағымдағы жылы, жұмыспен қамту орталықтары жаңғырмақ, деп жазады bnews.kz.
«Қызмет көрсетудің жаңа стандарттары түзіліп, жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік мекеме сипатынан шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып өзгереді. Бұл арқылы, жекеменшік саладағыдай, орталық қызметкерлерінің еңбегі түпкі нәтижесіне қарай төленетін болады. Сонымен бірге, жұмыспен қамту орталықтары жаңа компьютерлермен жабдықталып, министрліктің барлық ақпараттық жүйесіне және эталон базаларына қолжетімділікті қамтамасыз ететін бағдарламалық кешендер орнатылады. Көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту мақсатында, үстіміздегі жылы, Астана, Алматы қалаларында және облыс орталықтарында электрондық кезек енгізуді көздеп отырмыз», - деп мән-жайға қанықтырды Тамара Дүйсенова.