ӨРТКЕ ӨРІС БЕРМЕУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА
Осы аптаның сәрсенбісі күні қала іргесіндегі Ж. Маханбетов ауылы Тоқтамысов көшесіндегі 63 үй тұрғыны Шахбоз Төребаева облыстық медицина орталығына көмірқышқыл газымен улану жағдайымен түскен болатын. Осы жағдайға байланысты тұрмыстық өрттердің алдын алу, өрт қауіптілігін түсіндіру және болдырмау мақсатында, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы мен Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері және ҚР ІІМ ТЖК «Көкшетау Техникалық институты» РММ-нің тәжірибеден өтуші 4-ші курс курсанттары бірлесе отырып, Ж. Маханбетов ауылында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында дауыс зорайтқыш құрылғысы арқылы «Электр қондырғыларын тиімді пайдалану», «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздік ережелері», «Пештерді тазалау және пайдалану ережелері», «Балалардың отпен ойнауы», «Газ баллонын дұрыс пайдалану ережесі» тақырыптарында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына «Улы газдан сақтан!», «О т баланың ойыны емес» тақырыптарында үнпарақтар мен жадынамалар таратылып, жол бойында орналасқан бағаналарға ілінді.
Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.