СОТ ҒИМАРАТЫНАН ХҚК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МОБИЛЬДІ БӨЛІМШЕСІ АШЫЛДЫ
Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі қалың бұқараның сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру, сотқа жүгінуші тараптардың уақытын тиімді пайдалануы мақсатында сот ғимаратынан Халыққа қызмет көрсету орталығының мобильді бөлімшесін ашты. Аталған бөлімше Қызылорда облыстық, Қызылорда қалалық, Қызылорда №2 қалалық, Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық және Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттарының ғимараттарында жұмыс жасайды. Бұл туралы Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Арнайы бөлінген жұмыс кабинетінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының жауапты қызметкері азаматтарға орталықтан алатын қажетті анықтамалық құжаттарды және электрондық санды қолтаңбаны беру қызметін жүзеге асырады. Сондай-ақ, уақытша тіркеу, жеке кәсіпкерлерді, адвокат, сот орындаушыларды тіркеу, балабақшаға кезекке қою, кезек санын көру, бала туғанда берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақыларды тағайындау қызметін ұсынады.Сот жүйесінде 2014 жылдың тамыз айынан бастап «Сот кабинеті» ақпараттық электронды сервисі қолданылып отыр. Аталған сервистің мобильді нұсқасы 2015 жылдың қазан айында қолданысқа енгізілді.
«Сот кабинеті» ақпараттық электронды сервисінің қызметін кеңінен пайдалану үшін азаматтар мен мемлекеттік органдардың электрондық санды қолтаңбасы болып, тиісті түрде тіркелуі қажет.
Бүгінгі күнге дейін, сотқа жүгінуші қарапайым халыққа «Сот кабинеті» сервисінің тиімділігі түсіндіріліп, тиісті ақпараттар берілгенімен, олардың Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ЭЦҚ-ны ресімдеудегі қиыншылықтарын және жол жүру шығындарын алға тарту фактілері орын алды. Енді азаматтар сот ғимаратынан шықпай-ақ, Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметтеріне қол жеткізе алады.
Ал, өз кезегінде, соттың жауапты қызметкерлері мемлекеттік көрсетілетін қызмет шеңберінде «Сот кабинеті» электрондық ақпараттық сервисі арқылы электрондық арыздарды беру барысында практикалық көмек пен кеңестер береді.
Айта кету керек, электронды сервис жұмыс жасаған уақыттан бастап, Қызылорда облысы соттарына 56 171 талап арыз, 20 422 әкімшілік істер және 1 034 жүгінулер «Сот кабинеті» арқылы түскен.