АСҚАР МАМИН БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРМЕН ТАНЫСТЫ
Бүгін облысқа сапармен келген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин облыс орталығындағы бірқатар нысанды аралады. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бой көтерген «Нұр Орда» шағын ауданында «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстармен танысты.
Бағдарлама шеңберінде жаңа ауданда 1 020 пәтерлік көпқабатты 20 үй салынды. Құрылыс жұмыстары «Бәйтерек Девелопмент» және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен бірлесе жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халықты баспанамен қамту бағытында әлі де көптеген жұмыс атқарылатынын, бұл мәселе басты назарда екенін жеткізді. Тұрғындардың жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуі үшін жергілікті билік көмек қолын созуда. Өткен жазда 6 600 қызылордалық жеке үй салу үшін инженерлік инфрақұрылымы тартылған 980 гектар аумақтағы жер телімдерін алды. Ал Жосалы кентінде өтініш берген 1 380 қармақшылық инженерлік-инфрақұрылымы жүргізілген жер телімдеріне ие болды.