КЕШЕНДІ АТТЕСТАТТАУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ
Арал ауданында мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын насихаттау мақсатында Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Н.Байқадамов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Е.Қарымсақов, осы департаменттің басқарма басшысы Р.Тәуекеловтің қатысуымен жиын өтті.
Жиында Е.Қарымсақов «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігін, құзыреттілігі мен білім деңгейін анықтау бойынша 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестаттау жоспарланып отырғандығын хабардар етті. Бұл бастама Елбасының бес институционалдық реформасында ең бірінші тұрған бағыт – мемлекеттік қызметті жаңа деңгейге көтеру, яғни «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» тапсырмасынан туындап отыр. Осыған орай, жиын барысында ең алдымен Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі жайында Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Н.Байқадамов мазмұнды баяндама жасап өтті. Одан әрі мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шаралары, кешенді атестаттау барысы, яғни, атестаттау кезеңдерін өткізу мерзімдері толыққанды баяндалды.