ЖЫР АРҚАУЫ – АЗАТТЫҚ
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қолдауына сүйенген «Болашаққа қадам» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен С. Сейфуллин ауылындағы мәдениет үйінде «Тәуелсіздік жастары – ел болашағы» тақырыбында аудандық жас ақындар мүшайрасы өтті. Мүшайраға тереңөзектік Балтабай Ордабеков, Әйгерім Сағатова, Ақмарал Қадірханова, нағилық Бекжан Махамбетов, қалжан ахундық Інжу Дүйсенғалиева, сәкендік Бекнұр Сұлтанбеков, айдарлылық Нұрила Кенесарылар қатысты. Қазылар құрамында аудандық мәслихат депутаты Б.Есназар, №137 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Асылзат Тұрсынбаева, Гауһар Рахменшеевалар болды. Жарыс негізінен екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде талапкерлер ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын жырға қосса, екінші кезеңде еркін тақырыпта өлең оқыды.
Ширек ғасырда еліміздің бағындырған белестері мен жетістіктері айтарлықтай. Осы орайда үміткерлер барынша жарқын сәттерімізді жыр жолдары арқылы жеткізе білді. Мүшайра барысында мектеп оқушылары көпшілікке әсем ән арнап, мың бұрала би биледі. Жарыс нәтижесінде жүлделі бірінші орынды тереңөзектік Балтабай Ордабеков, екінші орынды Әйгерім Сағатова, сәкендік Бекнұр Сұлтанбеков, үшінші орынды айдарлылық Нұрила Кенесары, қалжан ахундық Інжу Дүйсенғалиевалар иеленді. Басқа да қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.