ОНКОЛОГИЯЛЫҚ АУРУЛАРҒА КӨМЕК КАБИНЕТТЕРІ АШЫЛДЫ
Биыл Қызылорда облысында қатерлі ісік ауруларына көмек көрсетуді жетілдіру бағытында ауруды ерте анықтау және онкологиялық ауруларға көмек сапасын жақсарту үшін мақсатында 32 мамандандырылған кабинет ашылды. Профилактикалық кабинеттермен жабдықтау 45,8%-дан 87,5%-ға, кадрмен қамтамасыз ету көрсеткіші 37,5%-дан 79,1%-ға жоғарылады. Сонымен қатар, аудандарда аталмыш ауру түріне анальгетиктердің қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Бұл туралы Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова хабарлады.
- Жыл басынан бері жоспарланған 70 маманның 90%-ы білім деңгейлерін арттыру курстарынан өтті. Оның ішінде 14 маммолог, 8 онколог қайта даярлаудан өтсе, проктологиялық және қарау кабинеттерінің 40 маманы білімдерін жетілдірді. Қатерлі ісік ауруынан І-ІІ сатысында алғаш анықталғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 24% өскен. Аталмыш аурудың асқынуы 42%-ға, дерттен қайтыс болу көрсеткіші 21%-ға төмендеген,- деді А.Әлназарова.