АСТАНАДА МАҢЫЗДЫ САЯСИ ҚҰЖАТТАР КӨРМЕГЕ ҚОЙЫЛДЫ
Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жылдарындағы 25 игі іс» көрмесі ашылды, деп хабарлайды Қазақпарат агенттігі. Экспозицияны Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты мен Астананың Мемлекеттік мұрағаты бірлесіп дайындаған. Көрме аясында Тәуелсіздік жылдары экономика мен қоғамға елеулі өзгерістер әкелген, халықтың әл-ауқатын жақсартқан мемлекеттің 25 негізгі салалық бағдарлама жайлы ақпарат берілген. Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының хабарлауынша, көрме 200-ден астам материалды қамтиды. Олардың басым бөлігін 1991 жылғы 10 желтоқсандағы Н.Ә. Назарбаевтың Президент қызметіне кірісуіне арналған ҚР Жоғарғы Кеңесі салтанатты отырысының стенограммасы, 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңы, 1991 жылы 21 желтоқсанда бекітілген ТМД құрылуы туралы Алматы декларациясы, 1996 жылы 16 мамырда тізілген ҚР дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан мемлекеттер ті зімі, «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлық және өзге де маңызды саяси құжаттар құрайды. Сонымен бірге, келушілер назарына Семей полигонындағы алғашқы ядролық сынақ, Қазақстанға тұңғыш оралмандардың келуі сынды сирек фотосуреттер, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы туралы инфографикалар ұсынылды.