АЗАТТЫҚТЫҢ РУХЫ АСҚАҚ
Бүгін А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Жиында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев еліміздің ширек ғасырда қол жеткізген ғажайып табыстарын саралап өтіп, еркіндіктің арқасында дамудың даңғыл жолын таңдаған Сыр елі мен аймақтың бас қаласының қазіргі биігін баян етті.
– Осыдан 20 жыл бұрын ғана Қызылорда қаласының бюджеті 6 млрд. теңге болса, биыл 60 млрд. теңгеге жетті. Соңғы жылдары шырайлана түскен Сырдағы бас шаһар құрылыс қарқыны жөнінен республикада алдыңғы орындардың бірінде тұр. Жуырда ғана 820 пәтірлік 16 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беріп, жаңадан «Нұр Орда» шағын ауданы ашылды. Осының барлығы ата-бабамыздың арман-аңсары болған азатттықтың арқасы,– деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Жыл сайын халқының саны артып келе жатқан қалада алда атқарылар ауқымды жобалар көп. Соның бірегейі – сол жағалаудан түсетін жаңа қала. Жақында ғана шығыстық сәулетпен ерекшеленетін сол жағалауға жеткізетін көпір пайдалануға берілді. Ендігі міндет жаңа шаһар орын тебетін аумақтың инженерлік инфрақұрылымын жасақтау.
Салтанатты шарада қала басшысы әр сала өкілдеріне «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерекелік медалін табыс етті. Шаһар сәулетіне сән берген ғимараттарды салған құрылысшылар ҚР Экономика министрлігінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапатталды. Бірқатар азаматтар облыс, қала әкімдері мен ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының «Алғыс хаттарын» иеленді.
Шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен түйінделді.