ҚАЗПОЧТА ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН МАРКА ШЫҒАРДЫ
«Қазпочта» АҚ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайы шығарылған «Мәңгілік ел» маркасының пошталық айналымға енгізілгенін хабарлайды.
Пошталық маркаға мөр басу салтанатына «Самрұқ Қазына» компаниялар тобында 25 жыл бойы қызмет атқарып, экономикалық маңызы бар салаларды дамытуға өз үлестерін қосқан қызметкерлер қатысты. Мөр басу рәсімін «Қазпочта» АҚ, «Казақтелеком» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ және «Қазақстан Темiр Жолы» АҚ қызметкерлері өткізді.
«Бүгін біз телефондық байланыс, темір жол және атомдық энергетика салаларының қызметкерлерімен бірлесе Қазақстан Республикасының 25 жылдығына орай шығарылған пошталық марканы айналымға енгіздік. Мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдарында өткен жолында біздің саланың қосқан үлесі зор», - деп атап өтті «Қазпочта» АҚ Басқарушы директоры Сәуле Егембердиева.
Марканың басылымы төрт бояулы, офсетті баспа, перфорациясы жоталы. Шығарылым түрі – 20 маркадан тұратын маркалы парақ. Парақтық өлшемі 168 х 200 мм, әрбір марканың өлшемі 28 х 40 мм. Пошталық марканың белгіленген бағасы 100 теңге. Таралымы 7500 дана.