ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АВТОДӘЛІЗ БОЙЫНДА ЖЕДЕЛ КӨМЕК КӨРСЕТУ СТАНСАСЫ АШЫЛДЫ
Қызылорда облысы аумағында тұратын халыққа және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойындағы жолаушыларға дер кезінде жедел көмек көрсету стансасы ашылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.
Облыстық жедел -жәрдем қызметі енді бірыңғай автоматтандырылған жүйеге тіркеліп, бұл қызмет өңір аумағында қолжетімді болмақ. Тарата айтсақ, Сіз облыс аумағының кез келген нүктесінде тұрып, 103-ке телефон соққан жағдайда, қоңырауыңыз орталыққа түседі. Орталық көмекті сол жерге жақын медициналық бригадаларға жүктеп, жылдам көмек көрсетіледі. Жүйені құруға облыстық бюджеттен 19 млн теңге бөлінді. Алдағы уақытта «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойында байланыс бекеттері ашылады. Жолаушылар сол арқылы орталықпен кез келген уақытта байланыса алады. Осылайша жедел жәрдем қызметінің ауқымы кеңейе түсті. Санитарлық авиация қызметі арқылы да трасса бойындағы апаттарға жедел қызмет көрсетуге мүмкіндік туды. Қызметкерлер саны 1000-нан асты. Жедел қызмет көрсететін мамандандырылған бригадалар саны 28 ден -52 дейін артты. Келер жылы жедел жәрдем қызметінің материалдық техникалық жағдайын жақсарту мақсатында, бюджеттен тыс қаржы көздерінен 24 санитарлық автокөлік алынады.