ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖҮЙКЕ АУРУЛАРЫ ИНТЕРНАТЫ АШЫЛДЫ
Бүгін Қызылорда қаласына қарасты Талсуат ауылында жүйке аурулары интернаты ашылды. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Айдар Әріпханов интернаттың ашылу салтанатына қатысты.
- 2008 жылы облыс орталығында мүгедек жандар мен жүйке науқасы бар азаматтарға арналған заманауи үлгідегі 3 орталықтың құрылысы басталған болатын. Соның екеуі 2012 жылы халық игілігіне берілді. Оның бірі – республикада теңдесі жоқ мүгедектерді оңалту орталығы. Ал, бүгінгі ашылғалы тұрған 300 орындық жүйке аурулары интернатының құрылысы 2011 жылы тоқтап қалған еді. Биыл облыстың жер қойнауын пайдаланушы ұйымдарының қаржысы есебінен, яғни демеушілік көмек арқылы ғимараттың толық аяқталуын қамтамасыз еттік,- деді облыс әкімі.
Интернаттың ашылу салтанатында жоба демеушілерінің атынан – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ-ның бас директоры Құрманғазы Есқазиев және облыс әкімінің мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі Нұрмұрат Ерманов сөз сөйледі.
Естеріңізге сала кетейік, Талсуаттағы жүйке аурулары интернаты сот процесінің созылып кетуіне байланысты құрылысы кешіккен соңғы нысан. Бұрын науқастың осы түріне шалдыққандар қалалық туберкулезге қарсы ауруханада емделіп келді. Ал жаңадан ашылған интернатта жаттығу залы, сумен емделу бөлімі, ағаш өңдеу шеберханасы, тігін цехы және мәжіліс залы бар.