ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС АРАЛДЫҚТАР ҰСЫНЫСЫНА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ
12 желтоқсанда Қызылордада облыстық мәслихаттың Х кезекті сессиясында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Самұрат Имандосов аймақ тұрғындарына үндеу жариялады. Имандосовтың айтуы бойынша Арал аудандық қоғамдық кеңесі аудан аумағына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің ескерткішін орнату жөнінде ұсыныс енгізген.
- Шешуші кезеңде Сыр халқына сенім артып, ата қоныста қалуы үшін қиын-қыстау, алмағайып заманға қарамай Алаштың Анасына балап, қолдау көрсеткен Елбасының еңбегі қандай да құрметке лайық. Арал теңізі проблемаларын шешудегі ерен ерлігі мен еңбегін ескере отырып, облыстың қоғамдық кеңесі, «Қазақстан-2050» Демократиялық күштері облыстық коалициясы, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы, азаматтық қоғам институттары бірлесе отырып, Арал қаласында Елбасының еңселі ескерткішін орнату жөніндегі Арал халқының ұсынысын бірауыздан қолдайды,- деді Самұрат Имандосов.
Сондай-ақ Самұрат Имандосов облыстық қоғамдық кеңес отырысында Елбасы алғашқы құрылысына куә болған Қызылордадағы жаңа мөлтек ауданға «Нұр Орда» атауын беру туралы ұсыныстың бірауыздан қолдау тапқандығын жеткізді.
- Арқа төсінде ажарланған Астанаға қарап бой түзейтін, жаңа кезеңнің, жаңа дәуірдің, жаңа сәулеттің жасампаз көрінісі болатын жаңа мөлтек ауданға «Нұр-Орда» атауы әбден лайықты деп есептейміз,- деді Самұрат Имандосов.
Естеріңізге сала кетейік, Арал аудандық қоғамдық кеңесі аймақ жұртшылығы мен облыстық мәслихат депутаттарына Арал қаласында Елбасы ескерткішін орнату туралы үндеу жариялаған болатын.