ЕСКЕРТКІШ МОНЕТАЛАР АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАДЫ
ҚР Ұлттық Банкі 1 желтоқсанда рroоf сапалы күмістен номиналы 5000 теңгелік және номиналы 500 теңгелік Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ескерткіш монеталарды айналымға шығарады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Тәуелсіздігінің күні – Қазақстан Республикасының басты ұлттық мерекесі. Бұл күн Қазақстанда жыл сайын 16 желтоқсанда атап өтіледі. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы заң қабылданды. Монеталардың дизайнында Қазақстан Республикасы Президентінің «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтарын Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының стилистикасында көрсету жөніндегі ұсынысын іске асыру үшін Қазақстан халқының бірлігін білдіретін, ұлттық киімдегі адамдардың бейнелері пайдаланылған. «Қазақстанның Тәуелсіздігіне 25 жыл» күміс монеталарының бет жақтары бірдей және монетаның номиналына сәйкес келетін белгісімен ғана ерекшеленеді.