ҚЫЗЫЛОРДАДА VII АЗАМАТТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ
11 қарашада Қызылордада «Тәуелсіздік және азаматтық қоғам: әлеуметтік жаңғыру» тақырыбында VII Азаматтық форум өтті. Форумды аша отырып, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта үкіметтік емес ұйымдар денсаулық сақтау, білім, мәдениет және спорт саласын дамытуға, әлеуметтік қолдауға бағытталған көптеген жобаны жүзеге асырып жатқандығын атап өтті.
- Елбасы атап өткендей, біз ЭДЫҰ (ОЭСР) стандарттарына сай келетін әлемнің ең дамыған 30 елінің құрамына кіруді мақсат етіп жатырмыз. Бұл нені білдіреді? Сарапшылардың пікірі бойынша, бұл елдерде болашақта жұмыс орындарының 47 пайызы автоматтандырылған болуы керек. Бұл тұрғындардың 50 пайызының өз-өзін жұмыспен қамтуына алып келеді. Бұл – жаңа 21 ғасырдың талабы! Бізге білім-ғылым, заманға икемді әрі адамгершілік қасиеттері жоғары азаматтар керек. Сондықтан, мысалға, мектеп қабырғасынан-ақ балаларды ақпаратпен жұмыс істеуге үйретіп, оларды өмір талаптарына сәйкес қалыптастыра отырып, болашақ патриот, ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеуіміз керек,- деді облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы форумның құрметті қонақтары – Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы қауымдастығының бұрынғы төрайымдары Дариға Ақмағамбетова мен Әлима Әбдіхалықоваға алғыс хат табыстады, иықтарына ақ орамал жапты.
Жиын барысында VII Республикалық Азаматтық форум делегаттары сайланды.
Анықтама үшін: Халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарын қолдау мақсатында қызмет етіп келе жатқан «Сыр мейірімі» жобасына бірнеше жыл қатарынан қомақты қаржылай қолдау көрсетіліп келеді. Елбасы бастамасымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы әлеуметтік жоба ретінде жыл сайын өткізіліп, осы күнде көпшілікке мәлім, халықтың ықыласына бөленген ауқымды әлеуметтік жобаға айналды. Жыл сайын облыста әртүрлі сала өкілдерінің қатысуымен еңбек династияларының форумы өтеді. Сасқанға сая бола білген «Қамқорлық» дағдарыс орталығы, «Ұмай» қайырымдылық үйі, «Шапағат» жобаларын ерекше атап өтуге болады. Екінші жыл қатарынан облыста «Әлеумет» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жобаны ұйымдастыруға салалық принцип негізінде 60 үкіметтік емес ұйым тартылып, жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2009 жылы үкіметтік емес ұйымдардың жобаларына облыстық, қалалық және аудандық бюджет арқылы 45 млн. теңге қаржы бөлінсе, өткен 6 жылда қаржы көлемі 18 есе өсіп, биыл 811 млн. теңгеге жетті.