ҚЫЗЫЛОРДАДА ЕГІН ЖИНАУ НАУҚАНЫНЫҢ АЯҚТАЛУЫ АТАЛЫП ӨТІЛДІ
21 қазанда, Қызылорда облысында дәстүрлі егін жинау қорытындысына арналған «Алтын дән - 2016» мерекелік іс-шарасы басталды. Естеріңізге сала кетейік, осы жылы облыс орташа есеппен әр гектардан 54,9 центнерден өнім жинап, рекорд жаңартқан болатын. 440 мың тоннаға жуық «сыр маржаны» қамбасына құйылды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс диқандарына үздік нәтижеге қол жеткізгендері үшін ақ тілегін арнап, құттықтау жеделхатын жолдады.
Онда «Сіздердің жетістіктеріңіз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына үлкен сый болып, ел мерейі өсті. Алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жетіп, ел экономикасын дамытуға үлес қосатындарыңызға кәміл сенемін» деп жазылған.
Қызылорда облысының әкімі шараға жиналған жұртшылыққа Елбасының құттықтау жеделхатын оқып, табысты нәтижемен, ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығымен және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады.
- «Егін өсіру – жұмыстың жарты бөлігі ғана. Оны соңғы дәніне дейін жинау одан да маңыздырақ»,- деген «дала академигі» Ыбырай Жақаев. Осы жылы күріш шаруашылығының негізін салған Ыбырай Жақаевтың мерейтойын және ширек ғасырлық ел Тәуелсіздігі жылдарында жеткен жақсы жетістікті атап өтеміз. Мемлекет басшысы «кәсіпкерлікті дамытудың ең тиімді тұсы – тауарды экспортқа шығару» деп атап өткен болатын. Қызылордалықтар жыл сайын 50 мың тонна күрішті экспортқа шығарады. Ал осы жылы Ресей Федерациясына 700 тонна қауын сатылды. Бұл – өңірдің экспорттық әлеуетінің бір ғана бөлігі,- деді облыс әкімі.
«Алтын дән - 2016» салтанатты шарасына келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев және «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбубәкір Сүлейменов бірқатар сала озаттарын ведомстволық марапаттармен марапаттады. Бұдан бөлек, ауыл еңбеккерлері салалық номинациялар бойынша («Озат малшы», «Озат бригадир» және т.б.) 1 млн. теңгеден, ал екінші және үшінші орын иелері бағалы сыйлықтармен марапатталды.