ҚЫЗЫЛОРДАҒА АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНАН ДЕЛЕГАЦИЯ КЕЛДІ
Өңірлік әріптестік байланысты нығайту аясында 13 қазан күні Қызылордаға Ақтөбе облысының делегациясы келді. Делегаттар Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария аудандарында болып, аймақтағы негізгі нысандардың жұмысымен танысты.
14 қазанда делегация басшысы, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев келді. Қызылорда және Ақтөбе облысының әкімдері қала күні мерекесінде ашылған Рәміздер аллеясына барып, ағаш екті. Сондай-ақ, Сырдария өзені арқылы өтетін, алдағы қазан айында пайдалануға берілуі жоспарланған көпір құрылысымен танысты.
Содан соң делегаттар биыл наурыз айында күрделі жөндеуден өткен тарихи-өлкетану мұражайын аралады. Мұражай ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірінші және екінші қабаттарына бейнеэкскурсия жасау үшін мониторлар орнатылған. Сондай-ақ экспонаттар қатары толықтырылған. Мұражай қорында 5516 тарихи жәдігер сақталған. Оның 4502-сі 11 экспозициялық залға қойылған. Облыстық мұражайда Сыр өңірінің ежелгі дәуірден қазіргі кезге дейінгі тұтас тарихы ұсынылған.
Сонымен қатар қонақтарға «Сәулет» мөлтек ауданындағы 24 қыркүйекте қала күнінде пайдалануға берілген 350 пәтерлік 7 көпқабатты үй көрсетілді. Ол «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы аясында «Байтерек девелопмент» акционерлік қоғамының қолдауымен салынды.
Ақтөбеліктер өз кезегінде мектеп оқушыларының әуе және су кемелерін модельдеу, роботты техника және тағы да басқа техникалық жетістіктеріне арналған көрмесін ұйымдастырды.
Облыстық мекемелер үйінде Ақтөбе облысының делегаттарына ситуациялық орталықтың жұмысы мен Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жобасы таныстырылды. Екі облыстың басшылары өңіраралық әріптестікті нығайту туралы жиын өткізіп, тиісті меморандумға қол қойды.
Содан соң Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Ақтөбе облысының өнер қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен гала-концерт өтті.