ЕЛІМІЗДІҢ БІРҚАТАР ӨҢІРІНДЕ ЖАУЫН ЖАУАДЫ
Қазақстан аумағының кей жерлерінде атмосфералық ағымдардың өтуінен жаңбыр жауады, жел күшейеді. Еліміздің батысы мен солтүстік-батысында тұман түседі, деп хабарлайды BNews.kz.
Қазгидрометтің ақпаратынша, Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, күндіз Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарының кейбір аудандарында жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында жел тұрады. Күндіз Оңтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде жел соғып, шаңды дауыл көтеріледі. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында ауа температурасы 1-3 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді. Оңтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстарының басым бөлігінде, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде жоғары өрт қаупі сақталады.