ҚАЛА КҮНІНЕ ОРАЙ ҚЫЗЫЛОРДАДА БАТПЫРАУЫҚТАР МЕН ГҮЛДЕР ФЕСТИВАЛЬДАРЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Қала күндері аясында Қызылорданың орталық алаңында көптеген мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Батпырауықтар мен гүлдер фестивальдары қала тұрғындарына мерекелік көңілкүй сыйлады. Сондай-ақ, былтырдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келген қауын-қарбыз бен қымыз-шұбат фестивальдары ұйымдастырылды. Аймақ басшысы мереке күні орталық алаңға жиналған жұртшылықты мерекелерімен құттықтап, қала көлеміндегі ілкімді істерге аз-кем тоқталды.
- Береке-бірлігі бұзылмаған Ұлы достықтың ордасы, Алаштың Ақмешіті атанған-Қызылорда қаласының туған күнін атап өтудегі басты мақсат, жыл көлемінде өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосып, аяңбай еңбек етіп жүрген жерлестерімізге алғысымызды білдіріп, мерекелік көңіл - күй сыйлау.Қала күні мерекесінде былтырғы жылдан бастап бастау алып, дәстүрге айналып үлгерген Ұлы дала елінің бренді болған «Шұбат-Қымыз» фестивалі ұйымдастырылып, «Ақ мол болсын!»-деген қазақы салтымыз ұлықталды. Халқымыздың ең басты құндылығы ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесі аясында ұйымдастырылып отырған айтулы шарада әр отбасына бақ-береке, мерекелік көңіл-күй, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін,- деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Содан соң аймақ басшысы орталық алаңдағы жаңа субұрқақтың ашылуына қатысты. «ТехосносткаРемсервис» ЖШС мердігер мекемесімен салынған субұрқақтың жалпы сметалық құны 196 млн. 297 мың теңгені құрайды. 168 түрлі түске енетін субұрқақ 30 метр биіктікке дейін су бүрки алады. Ал сыртқы беті керамогранит және ішкі беті гранит тастарымен қапталған.
Мереке соңы танымал эстрада жұлдыздары Жанар Дұғалова, Гүлнұр Оразымбетова, Мәдина Сәдуақасова, «Жігіттер» квартеті және жергілікті өнер иелерінің қатысуымен гала-концертке ұласты.