БІР КҮНДЕ 25 ЖҰПҚА НЕКЕ КУӘЛІГІ ТАПСЫРЫЛДЫ
Облыс әкімі Қ.Көшербаев қала күні мерекесінде шаңырақ көтерген 25 жұпқа неке куәлігін тапсырды. Жас жұбайларға баянды ғұмыр тілеп, қуаныштарымен құттықтады. Айта кетейік, Қызылорда қаласында 8 ай ішінде 1650 отбасының некесі қиылған.
Сондай-ақ салтанатты шараға отау құрғандарына 25 жыл толған «Күміс той» иелері де қатысты. Аймақ басшысы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген мерейтой иелерін де құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
- Баршаңыз білетіндей, еліміз бүгінде жаңа бастамаларымен әлем елдеріне үлгі болып келеді. «Мерейлі отбасы» байқауы, «Отбасы күні» және «Ана шуағы» сынды мерекелердің аталып өтілуі, еліміздегі жақсы тұрмыс пен тұрақтылықтың анық көріністері. Елімізде азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруда кешенді шаралар қабылданып, нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл өткен сайын түрлі деңгейдегі әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғаюда. Жас отбасылар үшін тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілуде. Отасқанына 25 жыл толған «Күміс той» иелері де ортамызда. Құрметті «Күміс той» иелері, Сіздерді биылғы Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа тұс келіп отырған мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Алдарыңызда тұрған жас шаңырақ иелеріне Сіздердің жолдарыңызды берсін,- деді Қ.Көшербаев.