БАЙҚОҢЫРДА АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ ЕМДЕЛУДЕ
Көпшіліктен сүйінші сұрап ашқан Байқоңыр қаласындағы ауруханада Арал, Қазалы, Қармақшы ауданының тұрғындары ем қабылдауда. Облыстық медицина орталығының филиалы ретінде ашылған емдеу мекемесінде білікті дәрігерлер жұмыс жасауда. Қазіргі кезде, 30 төсектік терапия бөлімінде эндокринді науқастар, тыныс жолдары, асқазан –ішек аурулары бар науқастар ем қабылдаса, 30 төсектік оңалту бөлімінде инсульттан және нейрохирургиялық отадан кейінгі науқастар сауықтыру шараларын қабылдауда.
Қазалы ауданының 67 жастағы тұрғыны Әсия Сағымбаева көп жылдан бері қант диабетімен ауырады екен. Ал, Арал ауданының тұрғыны 45 жастағы Таңсықбай Тлеубаев инсульттан кейінгі сауықтыру шараларын қабылдап жатқандығын айтты. Емделушілер дәрігерлер қызметіне дән риза, дәрі-дәрмек жеткілікті. Стационарда жаңа медициналық қызмет түрлері - офтальмология және оториноларингология ашу жоспарлануда.