ЕЛІМІЗДІҢ СОЛТҮСТІГІ МЕН ШЫҒЫСЫНДА ҮСІК ЖҮРЕДІ
Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы жауын-шашынсыз, тек батыста және солтүстік-батыста атмосфералық ағымдардың өтуінен кей жерлерде жаңбыр жауады, найзағай ойнайды. Республиканың солтүстігінде, шығысы мен орталығында үсік жүреді, тұман түседі. Оңтүстікте және оңтүстік-шығыста шаңды дауыл көтеріледі, деп хабарлайды BNews.kz.
Қазгидрометтің ақпаратынша, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында, күндіз Қызылорда облысында жел 15-23 м/с дейін күшейеді, шаңды дауыл көтеріледі. Маңғыстау, Атырау облыстарында, күндіз Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарының кейбір аудандарында жел тұрады. Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында тұман түседі деп күтілуде. Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында, сондай-ақ Қарағанды, Жамбыл облыстарының басым бөлігінде, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарының кей жерлерінде жоғары өрт қаупі сақталады.