ОБЛЫС ӘКІМІ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАРДЫ КОНСТИТУЦИЯ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
29 тамыз күні Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Қызылорда облысы әкімі Қ.Көшербаевтың қатысуымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында ҚР Конституция күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Ата Заң – әлемдегі ең жас, әрі жалпыазаматтық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік конституциялардың бірі. Онда бекітілген конституциялық нормалар бүгінде өзінің өміршеңдігін, заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Жаһандану заманында алдына жасампаз мақсаттар қойған біздің халық үшін Ата Заңымыздың, өзіміздің ерекшеліктерімізді ескере отыра әлемдегі ең үздік конституциялардың қатарынан орын алуының өзі бағытымыздың дұрыс екенін көрсетеді.
Салтанатты жиында облыс әкімі Қ.Көшербаев сөз сөйлеп, аймақта атқарылып жатқан ауқымды істер төңірегінде атап өтті.
- Өздеріңізге белгілі, осыдан 21 жыл бұрын Елбасының көреген саясатымен тәуелсіз еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау халықтың таңдауына берілді және халық оны қолдады. Әрине біз, талай қиыншылық пен экономикалық дағдарыстарды, саяси сындарды бастан өткізіп келеміз. Бәсекелестік талаптары күшейді. Адамзат үшін мүлде жаңа экономикалық, технологиялық, ақпараттық және мәдени орта қалыптасуда. Соған қарамастан біз жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, Елбасының бастауымен XXI ғасырдағы ең озық 30 елдің қатарына кіруді ұлы мақсат еттік. Бүгінде өңірімізде барлық салалар бойынша нәтижелі істер атқарылуда. Алғашқы бес жылдықта индустрияландыру картасы бойынша жүзеге асырылған 17 жобаның 10-ы 100 пайыз орындалу үстінде. Шикізатқа тәуелділікті төмендету мақсатында металлургиялық кластерді және басқа да индустриалды жобаларды дамытуды қарқынды жалғастыра береміз,- деді облыс басшысы Қ.Көшербаев.
Аталмыш мерекелік шарада аймақ таланттары өнер көрсетіп, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сондай-ақ, ертең, 30 тамыз күні Конституция күніне орай Қызылордада «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бағдарламалары аясында салынған үйлер пайдалануға беріліп, 280 орындық балабақшаның ашылуы және өзге де мерекелік іс-шаралар өтеді.