ЕЛІМІЗДІҢ БІРҚАТАР ӨҢІРІНДЕ КҮН АШЫҚ
Республика аймақтарында ауа райы жауын-шашынсыз, тек солтүстік-шығыста кей жерлерде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең елдің солтүстігінде тұман түседі, деп хабарлайды BNews.kz.
Қазгидрометтің ақпаратынша, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін барады, шаңды дауыл көтеріледі. Күндіз Шығыс Қазақстан облысында жел тұрады. Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау, Қарағанды облыстарының кейбір аудандарында аптап ыстық күтіледі. Ақтөбе, Қызылорда өңірлерінде, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Алматы облыстарының кей жерлерінде жоғары өрт қаупі сақталады.