ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР ЗІЛТЕМІРШІ АЛЕКСАНДР ЗАЙЧИКОВТІ ЖЕҢІСІМЕН ҚҰТТЫҚТАП, ИЫҒЫНА ШАПАН ЖАПТЫ
Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің басшылығы және жеке құрамы, «Динамо» спорт қоғамының басшылығы Рио-де-Жанейрода өткен 31-ші Жазғы олимпиада ойындарының ауыр атлетика турнирінде 105 килограмм салмақ дәрежесінде ІІІ орын алып, қола жүлдегері атанған Александр Зайчиковпен кездесті.
Жиын департаменттің үлкен мәжіліс залында өтті. Департамент бастығы полиция полковнигі Ж.Сүлейменов сөз алып, сыр сақшылары атынан Александр Зайчиковті жеңісімен құттықтап, Сыр халқының үмітін ақтап, жасаған тартуы үшін алғысын білдірді. Ол өз сөзінде: «Көп жылғы жүйелі жұмысың, жеңіс жолындағы төккен маңдай терің ақталғаны үшін қуаныштымыз. Әлі талай жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің туын көкке көтеріп, Қазақ елінің атын төрткүл дүниеге танытатыныңа сенімдіміз», - деді.
Қазақ елінің қоржына қола медаль салған Александр да полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, жерлестерінің үмітін ақтау үшін аянып қалмайтындығын жеткізді. Жиналғандарға олимпиада кезіндегі қызықтарын айтып берді.
Жиын барысында қызылордалық полицейлер олимпиада жүлдегерінің иығына шапан жауып, қайсар рухты жерлесіне ілтипатын білдірді.
Жиын естелік суретке түсумен аяқталды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі