ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА «ДАЛА КҮНІН» АТАП ӨТТІ
Сырбойылықтар дәстүрге айналған «Дала күнін» атап өтуде. Егінге орақ түскен кез барша шаруалар үшін үлкен мереке. Облыста алғашқылардың бірі болып Сырдария ауданы егінді жинауды бастап кетті.
Аймақтың барлық аудандарынан ауыл шаруашылығы саласының мамандары егістіктің басында өткен семинар-кеңеске жиналып, тәжірибе алмасты.
Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, барша шаруаларды егін жинау науқанының басталуымен құттықтады.
- Биыл облыс бойынша барлығы 168,5 мың гектар жерге дән егілді. Бүгінгі таңда бидай, жоңышқа мен сұлы жиналып болды. Аталмыш дақылдардан өткен жылға қарағанда мол өнім алдық. Биыл күріштен де гектарынан 55 центнерден өнім аламыз деп жоспарлаудамыз. Күздік бидай әр гектарынан - 15,7 центнерден, көктемгі бидай – 14,9 центнерден ал жоңышқа – 14,7 центнерден жиналды. Мұның барлығы ала жаздайғы шаруалардың еңбегінің жемісі, - дейді облыс әкімі.
Биыл 79,6 мың гектар жерге егілген күріштің 60,5 мың гектары жақсы, ал 16,7 мың гектары орташа деп бағаланып отыр. Қазіргі таңда барлық күріш алқаптары өнімді жинауға дайын.
Дәл осы күні Ақжарма ауылдық округында күрішші, қоғам қайраткері Болат Нұрсейітовтің атына алаң ашылып, ауылында үлкен мерекелік шара ұйымдастырылды. Күрішшілер бригадасын басқарған ол 15 жыл қатарынан мол өнім жинап, аймақтың ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан.
Шараға жиналған ардагерлер бұл бастама тек алаңға ат беру емес, еңбек адамына көрсетілген құрмет деп бағалауымыз қажет дейді. Осы арқылы жас ұрпақты еңбексүйгіштікке баулу керектігін айтады.