ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІНДЕ «КАТТЕГАТТАН - АРАЛ ТЕҢІЗІНЕ» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгін Қызылорда облысы әкімдігінде дат экологы, бұрынғы балықшы Курт Кристесен бастаған «Каттегаттан - Арал теңізіне» әлеуметтік даму жобасын әзірлеуші делегациясымен кездесу өтті.
«Каттегаттан - Арал теңізіне» бірегей жобасы Арал көлдерінің экожүйесін сақтау және камбала балығын аулау үшін инфрақұрылымын қалыптастыру мақсатында құрылған.
Аймақ басшысы кездесу барысында өңірдің дамуы туралы айтып, қонақтарға Арал теңізінде балық шаруашылығын дамытуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
Арал балықшылары Балқаш, Қапшағай және өзгеде аймақтарға көшуге дайын болатын, тек осы камбала балығының пайда болғаны олардың болашаққа үмітпен қарауларына септігін тигізді.
- Елбасының қолдауымен «Сырдария өзенінің арнасын және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін реттеу» жобасының бірінші кезеңін қолға алғалы жоғалып кеткен балықтың түрлері қайта пайда бола бастады. Қазір біз Арал қаласының елтаңбасына бекіре балығының орнына камбаланы бейнелеуді ойластырудамыз, өйткені осы камбала балығы аралдықтардың болашаққа деген сенімін оятты, - деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Курт Кристенсен, аймақта балық шаруашылығын қалпына келтіру мақсатында ұсыныстарын айтып, Сыр өңірін өзінің туған жері санайтындығын жеткізді. Сонымен қатар, ол Арал теңізін қалпына келтіру үшін үлес қосуға дайын екенін білдірді.
- Балық шаруашылығын қарқынды дамыту үшін осы саланы басқарудың кешенді жоспарын әзірлеу қажет. 90-шы жылдардың басында біз «Каттегаттан - Арал теңізіне» жобасын бастап едік. Алайда 2008 жылы оны тоқтатуға мәжбүр болдық. Өйткені Қазақстан дамушы елдердің санатынан дамыған мемлекеттердің қатарына көшіп, шетелдік гуманитарлық көмек берілмейтін болды. Қазір Қазақстан бүкіл әлемге әйгілі, сондықтан іскерлік әріптестік туралы айтудың уақыты жетті. Ал біз тәуелсіз сарапшыларды таңдауға және басқа да мәселелерде көмек көрсетуге дайынбыз, - деп отыр Арал өңірі мен облыстың дамуына тілектестігін білдірген Курт Кристенсен.
Ақпарат үшін: 90-шы жылдардың басында Қазақстанға келген дат экологы Курт Кристенсен аралдық балықшыларға көмектесу идеясына қызығушылық танытып, еліне оралған соң «Каттегаттан - Арал теңізіне» жобасын жүзеге асыруды бастаған. (Каттегат – Дания шығанағы). Осы жоба аясында Дания Үкіметімен, балық аулау қорлары арқылы Арал өңірін қолдау мақсатында жеке қорлардан 8 млн. даттық крон (шамамен 950 АҚШ жоллары) бөлінген. Жобаны жүзеге асыру барысында 1996 жылдың қазанында камбала балығын аулаудың алғашқы сынағы өтті. 65 балықшы гуманитарлық көмек арқылы даттық ау мен балық аулауға қажет құралдармен жабдықталған соң Солтүстік Арал теңізінің Тастүбек аймағына балық аулауға шықты. Олар 2 аптаның ішінде 50 тонна камбала аулады. Тәуелсіз дат зертханалары талдау жасап, балықтың құрамында пестицидтер мен ауыр металдар жоқ және сапасы жоғары деп пікір білдірген.