ҚЫЗЫЛОРДАДА 40 АВТОБУС ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бүгін көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласында экологоиялық таза газбен жүретін жаңа үлкен сыйымдылықтағы 40 автобус жолға шықты.
Бұл автобустар «Еуропалық қайта құру және даму» Банкімен жасалған келісім арқылы алынып отыр. Былтырдан бері 30 автобус №1 және 18 бағыт бойынша қала тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді. Ал тағы жаңа 40 автобус № 14, 17, 18 бағытта жолаушылар тасымалдайды. Қыркүйек айында тағы 42 автобус жеткізіледі деп жоспарлануда.
Барлық автобустар газбен жүреді, GPS, бейнебақылау камералары мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін мініп-түсуге арналған аппарельмен жабдықталған. Олар 78 жолаушыға дейін тасымалдай алады (32 орындық). Көлік жүргізушілері мен кондукторлар арнайы дайындықтан өткен. Жаңа автобустардың іске қосылуымен 160 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Қазір арнайы белгіленген аймақта сыйымдылығы 200 автобусқа арналған автобус паркінің құрылысы жүргізілуде. Автобус паркінде көлік жөндеу, жуу цехы мен GPS арқылы барлық автобустардың бағытын бақылап отыратын орталық болады.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тұрғындарды жаңа автобустардың іске қосылуымен құттықтады.
- Көптеген жылдар бойы халықты әбігерге салған осы қоғамдық көлік мәселесін шешу мақсатында біз 2014 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жанынан «Қызылорда Автобус паркін» құрып, «Еуропалық қайта құру және даму» Банкімен бірлесіп жұмыс жасадық. Соның нәтижесінде банкпен 21 млн АҚШ долларына несие берілді. Бүгін қызылордалықтар үшін айрықша күн, салтанатты сәт! Қала халқының көптен күткен қуанышы орындалып, су жаңа үлкен сыйымдылықтағы заманауи автобустар ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр, - деді облыс әкімі.
Шараға Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры Джанет Хэкман арнайы келіп қатысып, автобус жүргізушілеріне кілттерді табыстады.