ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА АРАЛ ӨҢІРІ БАЛЫҚШЫЛАРЫНЫҢ ІІ СЛЕТІ ӨТТІ
Бүгін Арал ауданы Қамбаш көлінің жағасында дәстүрлі Арал өңірі балықшыларының ІІ слеті өтті.
Балықшылардың биылғы слеті Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Екі күнге созылған шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы саласындағы комитеті, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты және республиканың өзге де аймақтарынан делегация келіп қатысты.
Слеттің бірінші күнінде «Балық шаруашылығының өткені мен бүгіні және келешегі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті. Сонымен қатар, айтыскер ақын, жыршы Б.Тәңірбергеновті еске алуға арналған «Аралдың табанынан су кетсе де, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» атты жыршылар фестивалі ұйымдастырылды.
Слеттің екінші күнінде балық шаруашылығы тарихының жәдігерлері мен балық өнімдерінің көрмесі болды. Шараға арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, слет қатысушыларын марапаттап, жылы лебізін жеткізді.
- Елбасының бастамасымен Арал өңірі үшін өмірлік маңызы бар «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші бөлігінің жүзеге асырылуы нәтижесінде Арал өңірінің балық шаруашылығының дамуына үлкен мүмкіндіктер жасалды. Балық шаруашылығы одан әрі дамып, жаңа белестерге шығатына толық сенімдіміз. Өйткені, елдің тілегін Елбасы қолдауда! Күннің суығы мен ыстығына қарамай осы саласының дамуына үлес қосып жүрген жерлестеріміздің еңбегіне құрмет көрсету – біз үшін үлкен абырой, - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы сала озаттары мен ардагерлеріне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің төсбелгілері мен облыс әкімінің алғыс хаттарын және облыс әкімдігінің Құрмет грамоталарын тапсырды.
Мұнан соң облыс әкімі Арал қаяз балығын сырғалап суға жіберу рәсіміне қатысты. Шара соңы белгілі эстрада әншілерінің қатысуымен гала-концертке ұласты.
Соңғы жылдары аймақтың балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. 2016 жылға облысқа бөлінген балық аулау лимиті (балықтың 14 түрі бойынша) 7883 тоннаны құраса, оның 7106 тоннасы Кіші Арал теңізінің үлесінде.
Балықтың аулау көлемі 400 тоннадан 8000 тоннаға дейін ұлғайды. Қазір облыс бойынша жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні балық өнімдері Еуропа мемлекеттеріне экспортталуда.